ОРАЛ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті ҚР АШМ мемлекеттік инспекциясы комитеті Орал қалалық аймақтық инспекциясының бас маманы -
мал дәрігері инспекторы Г.Сейтбаталованың үстінен ҚР ҚК 311-бабы 2-бөліміне ( пара алу ) сәйкес қозғалған қылмыстық істі аяғына дейін жеткізді.
Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, ол «Михаил» ЖШС мен «Әл-Мәдина» ЖШС-індегі тамақ өнімдерін тексере жүріп, бір жолғы талон негізінде өнім сатумен айналысатын Д.Мекаева мен Т.Қайнушеваның әрқайсысынан ай сайын 4 мың теңгеден пара беріп тұруын талап еткен. Кейін Г.Сейтбаталова 8 мың теңге пара алу үстінде өз кабинетінде ұсталған болатын.
Орал қалалық соты Г.Сейтбаталованы тағылған айып бойынша кінәлі деп тауып, 1 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеп, жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтеуге үкім етті. Сондай-ақ ол бес жылға дейін мемлекеттік органдарда қызмет атқара алмайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).