ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының үкімімен полиция қызметкері Евгений Шаймарданов ҚР ҚК 177-бабы 2-бөлімі «в» тармағы, 28-бабы 4-бөлімі, 312-бабы 2-бөлімі бойынша айыпты деп танылды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, Орал қалалық ішкі істер басқармасы Абай полиция бөлімінің жедел уәкілі Е.Шаймарданов қызмет бабын пайдалана отырып, алаяқтық жасап, алдау жолымен өзгенің мүлкін иемдену мақсатымен Л. деген азаматтың мәселесін шеше алатынын айтып, оны пара беруге итермелеген. Бұл ретте өзінің полиция қатарында он жылдан астам уақыт бойы қызмет ететінін, Абай полиция бөлімі басшысымен жақсы қарым-қатынаста екенін, онымен мәселені шешуге келіскенін айтып, түсіндірген.
Шаймарданов түскен арыз бойынша қылмыстық іс қозғамау үшін Л-дан 450 мың теңге көлемінде пара алған. Сот оны мүлкін тәркілеумен бірге жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге 2 жыл 6 айға соттады. Бұған дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген полиция қызметкері сот залында тұтқындалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).