Пара алғаны үшін айыпталған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің майоры 10 жылға сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласындағы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотында майор Б.О.Жайлыбековке және қатардағы алты сарбаз: А.Ж.Елубаев, К.Ж.Жолдығарин, А.С.Исеков, Б.С.Сұлтанғалиев, К.Н.Шаймерденов, Б.Е.Әйтімовке қатысты қылмыстық іске қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарланған ҚР Әскери сотының сайтында.

«Аталған әскери қызметшілер Қазақстан Республикасы шекарасын кесіп өтуші тұлғалардан шекарадан кедергісіз өткізу үшін ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында, қорқыту арқылы қомақты мөлшерде пара алды деп айыпталған болатын. 2014 жылдың шілде айынан 1 қазанға дейінгі уақыт аралығында Жайлыбеков құрған және басшылық еткен ұйымдастырылған қылмыстық топ 6 603 720 тенге көлемінде ақшаны пара ретінде алған», делінген хабарламада. Сот үкімімен Б. Жайлыбеков он жылға бас бостандығынан айыру, оған тиесілі жеке немесе бірлескен ортақ меншік үлесіндегі мүлкін тәркілеумен жазасын қатаң режімдегі түзеу колониясында өтеуге сотталды. Сондай-ақ ол белгіленген мемлекеттік лауазымды атқару құқығынан алты жылға айырылды. К.Жолдығарин оған тиесілі жеке немесе бірлескен ортақ меншік үлесіндегі мүлкін тәркілеу, төрт жылға бас бостандығынан айыруға сотталды, жазасын қатаң режімдегі түзеу колониясында өтейді. Сонымен қатар ол белгіленген мемлекеттік лауазымды атқару құқығынан төрт жылға айырылды.

А.Елубаев үш жылға бас бостандығынан айыру, оған тиесілі жеке немесе бірлескен ортақ меншік үлесіндегі мүлкін тәркілеу, жазасын қатаң режімдегі түзеу колониясында өтеуге сотталды. Елубаев белгіленген мемлекеттік лауазымды атқару құқығынан төрт жылға айырылды. Бұдан басқа, сот Б.Жайлыбековті «майор» әскери атағынан, К.Жолдығаринді «аға сержант», А.Елубаевты «сержант» әскери атақтарынан айырды. Жоғарыда аталған тұлғаларға қатысты қамау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды. А.С.Исеков, Б.С.Сұлтанғалиев, К.Н Шаймерденов және Б.Е.Әйтімов ҚР ҚК-нің 235-бабының 3-бөлігімен, 366-бабының 4-бөлігімен айыпты деп танылып, белсенді өкініш білдіргені үшін ҚР ҚК-нің 65-бабының талаптарына сай қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Олардың ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхаттарымен бекітілген бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгеннен кейін жойылатын болады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.