«Біздің параатлеттердің қоржынында тағы бір медаль бар. Пауэрлифтингтен 54 келіге дейінгі санатта Давид Дегтярёв Пара Азия ойындарының күміс медалін жеңіп алды. Құттықтаймыз», - деп жазды Фейсбук парақшасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің баспасөз хатшысы Раухан Тоғымбаева.
Еске сала кетсек, 7 қазан күні Жакартада өтіп жатқан ІІІ Пара Азия ойындарында еліміздің қоржынына алғашқы 2 қола медаль түскен болатын. Атап айтқанда, «қоланы» әйелдер арасындағы пара пауэрлифтинг бойынша 66 келі салмақта Алина Солодухина олжалады. Арасын суытпай екінші қола медальді 100 метрге паражүзуден Дмитрий Ли қанжығасына байлады.