10:45, 08 Сәуір 2009
Пара беру үстінде ұсталды - Қылмыстық-атқарушы жүйе комитеті
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Сейсенбі күні Солтүстік Қазақстан облысында пара беру үстінде 58 жастағы әйел ұсталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Комитеттің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, әлгі әйел жақын адамын шартты-мерзімінен босатуға көмектесуді сұрап түзету мекемелерінің бірінің отряд бастығына ақшалай сыйлық ұсынған. Пара берушіні ұстау жөніндегі операцияны комитет қызметкерлері аймақтық Қаржы полициясының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізді. Әйел 40 мың теңге көлемінде пара беріп тұрған кезінде ұсталды.
Күдікті Петропавл Ішкі істер басқармасының уақытша оқшаулау абақтысына жабылды. Лауазымды тұлғаға пара бергені үшін ол ҚР Қылмыстық кодексінің 312-ші бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.