Пара беруге қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі - ҚР Бас прокуратурасы
Отырыс жұмысына Үйлестіру Кеңесінің мүшелері, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Жоғарғы Соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, Ішкі істер министрлігінің, Кедендік бақылау комитетінің, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің басшылары, Бас прокуратура жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.
Бас Прокурор атап өткендей, сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда.
Осыған қарамастан, қабылданып отырған шаралар әзірге айтарлықтай нәтиже бермей отыр. Ағымдағы жылдың басынан бері қаржы полициясы органдары 2240 сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтады. Бірақ та бұл сандар еліміздегі сыбайлас жемқорлық қылмыстарының шынайы көрінісін бермейді. Қылмыстардың негізгі бөлігі қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық жасаумен байланысты.
Сонымен қатар, пара алу фактілерін анықтау үштен бір бөлігіне азайған және ол анықталған қылмыстардың оннан бір бөлігін ғана құраған (259). Пара беру және парақорлыққа делдал болумен байланысты қылмыстар өте аз анықталады.
Әдетте, көп жағдайда болмашы қылмыстар үшін қатардағы қызметкерлер қылмыстық істердің фигуранттарына айналып жатады, ал жүйелі түрде сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасайтын лауазымды тұлғалар уәкілетті органдардың назарынан тыс қалады. Мысалға, биыл республикалық деңгейдегі 6 және облыстық деңгейдегі 167 басшы ғана жауапкершілікке тартылған.
Сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бой алдырған мемлекеттік сатып алу саласы болып отыр. Бюджеттік қаражат көбінесе жоспарлау сатысының өзінде ұрлыққа жағдай жасап беретін бағдарлама әкімшілерінің өздерінің кінәларынан талан-таражға түседі.
«Үйлестіру кеңесінің мүшелері қалыптасқан жағдайға түбегейлі және объективті баға берді, сыбайлас жемқорлықтың таралуының, сондай-ақ онымен күрес тиімділігінің төмен болу себептері талданды. Талқылау қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресуге, оның кез-келген көріністерін уақтылы анықтау және жолын кесуге мүмкіндік беретін нақты заңнамалық және ұйымдастырушылық-практикалық шаралар жөнінде бастама көтерілді»,-делінген хабарламада.
Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық базаны жетілдіру аясында қылмыстық заңнамада пара беру үшін жауапкершілікті пара алуға қарастырылған санкциямен бірдей етіп күшейту ұсынылды.
Бас Прокурор сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруда стандарттан тыс және тиімді шешімдер іздеу, қоғамда профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттілігіне ерекше назар аударды. Ол тұрғындардың көп бөлігінің менталитетін өзгертудің, сыбайлас жемқорлықты қабылдамауға бағытталған қоғамдық сананы қалыптастырудың маңызды екенін атап көрсетті.
Электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелді азайту мақсатында Бас прокуратура Мемлекеттік сатып алуды жоспарлау үшін бағалар мониторингі орталығын, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларды өткізетін тәуелсіз мемлекеттік орган құруды ұсынды.