Пара дзюдодан әлем чемпионатында қазақстандық қос балуан қола алды

Фото: Фото: Қазақстан Пара дзюдо федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM - Астанада өтіп жатқан пара дзюдодан әлем чемпионатында бүгін, 14 мамырда қазақстандық екі дзюдошы қола жүлде алды.

Дүбірлі додада Ерлан Өтепов (95 келіден жоғары) J1 санаты бойынша 3-орын үшін таласуда мексикалық Оскар Агуэрреден басым түсіп, қола жүлдеге қол созды.

Сондай-ақ сол санатта аталған салмақта Бағланбек Оңалбек моңғол балуаны Ерденебилег Лхагвадорждан айласын асырып, үздік үштікті түйіндеді.

Енді аталған салмақта Жұрқамырза Шүкірбеков финалда күреседі. 

Бүгін, 14 мамырда ел құрамасынан Аяла Мереке (70 келі) күміс медаль алды.

Еске салсақ, әлем чемпионатында 13 мамырда отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлде еншіледі.

J2 санатынан Бексұлтан Құлмырза (81 келі) алтын алса, Ғалымжан Смағұлұлы (81 келі) күміс жүлдеге қол жеткізді.

Аталған санат бойынша Ерғали Шамей (81 келі), Айназ Құралова (46 келі) қола жүлдегер болды.