Парадқа дайындық жаттығуларының өткізілуіне орай Астананың әуе кеңістігі бүгін жарты күн жабық болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін 23 сәуірде Астана уақыты бойынша сағат 09.00-ден 14.00-ге дейінгі аралықта «Астана халықаралық әуежайы» АҚ әуе кеңістігі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған парадқа дайындықты ескере отырып, жоспарлы жаттығулар өткізілуіне байланысты жабық болады.

Бұл туралы Астана әуежайының ресми порталында хабарланды. Сондай-ақ жоспарлы жаттығулар 2015 жылғы 9 мамырға дейін ауық-ауық өткізіліп тұратыны атап өтілген. Жаттығулар туралы ақпарат Астана әуежайының ресми сайтында орналастырылатын болады. Сонымен қатар аталмыш порталдағы электронды таблодағы мәліметтерге сәйкес, үш рейс кейінге шегерілген - Семейден ұшып келетін рейс пен Ақтау және Тараз қалаларына бағыт алатын ұшақтар рейсінің ұшуы кейінге қалдырылып отыр.