Алаңға Теңіз жаяу әскерлері гвардиялық бригадасының ротасы шықты. Бұл бригадаға еліміз үшін маңызды Каспий маңы өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндет жүктелген.
Салтанатты шараны «Қазбриг» бітімгерлік бригадасы жалғастырды. Ол БҰҰ стандарттары бойынша құрылған. Бітімгерлік бөлім келісімшарт бойынша әскери қызметшілерден жасақталған. Олар - өз ісінің қас шеберлері.
Алаңнан ерекше жауынгерлік киім киген арнайы мақсаттағы бөлімшелер сарбаздары өтуде. Тәжірибе көрсеткендей, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда құрамы жағынан шағын, алайда ұтқыр бөлімшелер басты рөл атқарады.
Шерудің ең көрікті қатысушылары - әйел әскерилерден құралған шеру тобы өтуде. Олар Әлия мен Мәншүктей қазақтың батыр қыздарының ізін жалғастырып келеді. Бүгінгі таңда әскери қызметтерін абыроймен атқарып жүр.
Алаңнан ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университеті офицерлерінің парадтық сапы жүріп өтті. Бүгінге дейін аталған университетте 1000-ға жуық офицер даярланып шықты.
Құрлық әскерлері Әскери институтының курсанттарының ротасы таяп келеді. Осынау әскери оқу орнының парадтық есеп тобы жақында Мәскеудің Қызыл алаңында Ұлы Жеңіс құрметіне арналған парадқа қатысатынын ерекше атап өту керек.
Парадты Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары жалғастырды. Бұл Орталық Азия өңіріндегі автоматтандырылған басқару жүйесі мен байланыс саласында мамандар даярлайтын жалғыз оқу орны.