Паралимпиада-2020: Қазақстан екінші медаль алды

ТОКИО. ҚазАқпарат – Қазақстандық парадзюдошы Әнуар Сариев 60 килограмға дейінгі салмақта Токиодағы Паралимпиада ойындарының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Жартылай финалда ол иппонмен венесуэлалық спортшы Маркос Бланконы тізе бүктірді. Финалда Әнуар әзербайжандық парадзюдошы Вугар Ширинлимен айқасады. Шешуші жекпе-жектер 13:00-де басталады.

Осылайша, Сариев Қазақстан құрамасына Паралимпиада ойындарының екінші медалін әкелетін болды. Бір күн бұрын пауэрлифтер Давид Дегтярев 54 килограмға дейінгі салмақта Қазақстан құрамасына бірінші «алтынды» әкелді.