НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Токиода өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында қазақстандық пара дзюдошы Жанбота Аманжол қола жүлде үшін таласады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшы жұбаныш белдесуінде өзбекстандық Шухрат Бобоевпен шеберлік байқасуы тиіс болатын. Алайда қарсыласы алған жарақатына байланысты татамиге шығудан бас тартты.
Осылайша қазақстандық спортшы қола жүлдені сарапқа салатын белдесуге жолдама алды. Аталған сайыс елорда уақытымен 13:30-де басталады.
Қазірге дейін Қазақстан құрамасы қоржынында үш медаль бар. Пауэрлифтингтен Давид Дегтярев алтын алса, парадзюдодан Әнуар Сариев пен Теміржан Дәулет күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ, бүгін парадзюдодан финалға жолдама алған Зарина Байбатина тағы бір жүлдені қоржынға салады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.