АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 31 тамызда Парижде өтіп жатқан 2024 жылғы Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар төрт сайыс түрінен жарыс жолына шығады.
Алдымен пара нысана көздеуден 12:30-да Еркін Ғаббасов жарыс жолына шықса, 15:00-де Севда Әлиева сайысқа түседі.
Ал 13:08-де пара жеңіл атлетикада Гүлбақыт Қайыржанова ел намысын қорғайды.
Сондай-ақ пара таэкондодада 14:26-да Нұрлан Домбаев,14:48-де Нышан Өмірәлі жарысса, 17:00-де волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы Босния және Герцоговинамен кездеседі.
Паралимпиада ойындарының алғашқы екі күнінде ел құрамасы қоржынына жүлде түскен жоқ.
Қазақстан құрамасының спортшылары Париж Паралимпиадасына спорттың 9 түрінен 33 лицензия жеңіп алды.
Дүбірлі дода 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.
Еске салсақ, Қазақстан пара спортшылары бұған дейін Паралимпиада ойындарында 2 алтын, 4 күміс, 1 қола медальды олжалаған болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.