ТОКИО. ҚазАқпарат - Қазақстандық спортшылардың 2020 жылғы Токио Паралимпиадасында медальдар кестесі бойынша қай орын алғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Пара таэквондошы Нышан Өмірәлі ел құрамасынан соңғы сайысқа қатысқан спортшының бірі болды.
Ол 75 келіде алғашқы жекпе-жегінде коста-рикалық Андрес Эстебан Молинадан 6:12 есебімен жеңіліп қалған еді. Дегенмен аталған қарсыласының финалға шығуына байланысты Нышан жұбаныш жекпе-жегінің ширек финалына шықты. Онда марокколық Рашид Алауиді 24:8 есебімен жеңіп, қола жүлдеге таласуға қол жеткізді.
Қола жүлде үшін сайыста қазақстандық спортшы мексикалық Франиско Педросқа 15:18 есебімен есе жіберді.
Осылайша Қазақстан дүбірлі додада барлығы 5 медаль алды. Олардың 1-і алтын, 3-еуі күміс, 1-і қола медаль. Жалпы командалық есепте қазақстандық спортшылар 51-орынға табан тіреді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.