Паралимпиада: жеңіл атлет И.Сәлімов жүлделі орынға қол жеткізе алмады

АСТАНА. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат - Лондонда өтіп жатқан XIV жазғы Паралимпиада ойындарында Қазақстанның жеңіл атлеті Ислам Сәлімов жүлделі орынға іліге алмады.

Бүгін ұзындыққа секіру бойынша өткен финалдық сайыстарда ол 5,64 метрге секіріп, жалпы есеп бойынша 12-ші орыннан көрінді. И.Сәлімов үшін жарыс жолы осымен аяқталды. Бұл сында кубалық Фелип Гутьерес Льюис бірінші орынға ие болса, тағы бір Куба спортшысы Энжел Джименез Каибеза және болгар Радослав Златанов екінші-үшінші орындарды иеленді.

Бүгін түнгі уақытта пауэрлифтинг (штанга көтеру) бойынша 60 келі салмақ дәрежесіндегі қазақстандық Айбек Әбжан жарыс жолына шығады. Ал ертең Әнуар Ахметов 100 метр қашықтыққа жүзіп, сынға түспек.