Паралимпиадашыларға қандай құрмет көрсетсе де жарасады – бас бапкер

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Президент Паралимпиада жүлдегерлерін және бапкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Фото: Жандос Қияновтың жеке мұрағатынан

Осыған орай парадзюдодан ұлттық құрама команданың бас бапкері Жандос Қиянов өз пікірін бөлісіп, шәкірттерінің жетістігі туралы айтты.

«Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығы шықты. Паралимпиадашылар мемлекеттік наградаға ие болды. Өте қуаныштымыз! Оларға қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Парижге 10 дзюдошы апардық. Соның бесеуі медаль алды. Чемпион да шықты, күміс және қола жүлдегер де бар. Меніңше, бұл - жақсы жетістік. Олардың осы жарысқа қалай дайындалғанын мен жақсы білемін. Көп тер төкті. Үздіксіз жаттықты. Тынбай дайындалды. Еңбек ақталды. Халық та риза деп ойлаймын», - деді бас бапкер.

Сонымен қатар Жандос Қиянов паралимпиадашылардың Париждегі жеңістері қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген көзқарасты өзгерткенін атап өтті.

«Паралимпиадашылардың Париждегі жеңістері біздің қоғамда үлкен дүмпу тудырды. Өйткені олар қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген көзқарасты өзгертті. Қазір он екі мүшесі сау адамдардың өзі өмірден түңіліп жатады. Ал бұл кісілер бәрі адамның өзіне, еңбегіне байланысты екенін көрсетті. Адал еңбек қана жетістік әкелетінін дәлелдеді. Әркім бәрін өзінен бастауы керек екенін жеткізді», - деді ол.

Соңғы жылдары спорт саласындағы оң өзгерістер параспортқа да өз мүмкіндіктерін беріп жатқанын да ұмытпады.

«Қазір елімізде түрлі өзгерістер болып жатыр. Параспортта да оң өзгерістер барын айтқым келеді. Бұрынғыдай емес, қазір мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. Оқу-жаттығу жиындары ойдағыдай өтеді. Біз соны сезініп отырмыз. Париждегі нәтиже соның дәлелі. Сондықтан елімізді басқарып отырған Мемлекет басшысына, барша қолдаушыларға, жанкүйерлерге рахмет айтамын. Сіздер қолдасаңыздар, біз әлі талай жеңіске жетеміз. Оған күмәніңіз болмасын», - деді бас бапкер Жандос Қиянов.