ҚР Ұлттық паралимпиадалық комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан тарихында алғаш рет паралимпиадалық спорт түрлерінен жеңіл атлеттер 8 лицензия алып, жарыс қорытындысы бойынша үздік сегіздікке енді.
Ұлттық паралимпиада комитетінің спорт бойынша вице-президенті Галина Ванинаның айтуынша, нормативтер Лондонда өткен паралимпиадалық ойындардағыдан да қатаң болды. «Бірақ біздің спортшылар Қазақстанның намысын қорғай алды. Әрине, біз енді ғана аяғымызға нық тұрып келеміз. Бұл «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының екі жылдық қолдауының арқасында мүмкін болып отыр. Төрт спортшы үздік сегіздікке еніп, ұлттық рекорд орнатты. Олар өзге елдердің спортшыларына есе жіберген жоқ. Біз бұдан артық шыңдарды бағындыратын боламыз», - деді Галина Ванина баспасөз брифингінде.
«Бүгінде, басты үміт жастарға артылып отыр. Олардан еліміздің намысын қорғап, спортпен шұғылдануға қорықпауға, облыс орталықтарында, ауылдарда секцияларға баруға шақырамыз. 2015 жылы өтетін келесі ойындарда табанды күресетін боламыз», - деді ол.
Қазақстандық паралимпиада спортшыларының қоржынында:
Ядро лақтырудан 5-орын - Мансұрбаев Равиль;
Ұзындыққа секіруден 7-орын - Тайжанова Айнұр;
Ұзындыққа секіруден 8-орын - Қалкаев Аманат;
Найза лақтырудан 8-орын - Нарыбеков Дәуренбай.