Паралимпия ойындары: 5 қыркүйекте Қазақстан спортшылары қандай нәтиже көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM — Туризм және спорт министрлігі жазғы Паралимпия ойындарындағы сегізінші жарыс күні яғни 5 қыркүйектегі Қазақстан спортшыларының нәтижесін жариялады.
Пара дзюдо: 48 кг салмақ дәрежесінде (J2 санаты) белдескен Ақмарал Науатбек Париж Паралимпиадасының жеңімпазы атанды. Финалда ол Франция өкілі Сандрина Мартинеден басым түсіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.
57 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Альфия Тілекқабыл жұбаныш белдесуінде жеңіліп қалды.
Пара жүзу: Нұрдәулет Жұмағали Париж Паралимпиадасының финалында SB13 санатында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден бақ сынап, күміс медаль жеңіп алды. Оған қоса Нұрдәулет өз санатында жаңа Паралимпиада рекордын орнатты.
Әмір Мұратбеков 100 метрге брасс әдісімен (SB11 санатында) жүзудің финалына қатысып, жүлделі орынға жете алмады.
Пара пауэрлифтинг: 59 кг салмақта бақ сынаған Станислав Шакиев 178 келімен 7-орынға тұрақтады. Пара жеңіл атлетика: Ядро лақтырудан финалда өнер көрсеткен Еламан Жоламан жарысты 7-орынмен аяқтады.
Паралимпиаданың сегізінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде бар.