PARAQTA – кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыратын отандық платформа

АСТАНА. KAZINFORM – Кітап оқуды жоспарлап, бірақ күнделікті тірлікпен жүріп оны кейінге қалдыратын адамдарға арналған отандық PARAQTA платформасы дамып келеді. Сайт оқырманға оқу мақсатын белгілеуге, оқыған беттерін есептеуге және кітап туралы пікірін жазуға мүмкіндік береді.

Фото: видеодан алынған скрин

Жоба іске қосылғалы бері платформаға 8 мыңнан астам адам тіркеліп, олар бірге 960 мыңға жуық бет оқыған. Бұл туралы платформаның негізін қалаушы Ердәулет Аянұлы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.

Оның айтуынша, идея бірнеше жыл бұрын өзінің кітап оқуға деген қызығушылығынан басталған. Ол оқырмандар клубына қосылып, кейін еріктілермен бірге кітап оқу мәдениетін насихаттауға кіріскен. Астанада бас қосатын орын болмағандықтан, команда кітапсүйер қауымға арналған кофехана ашқан. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты бұл жобаны жабуға тура келген.

— Ол орын мен үшін ерекше, жылы әрі жақын мекен болды. Онда түрлі шығармашылық іс-шаралар өткізіліп, Астанадағы кітап оқуға қызығатын адамдарды жинадық. Жобаны жабу оңай болған жоқ. Бірақ кітап оқу мәдениетін дамыту идеясынан бас тартқым келмеді. Бұған дейін қолданған Telegram-ботымыз бар еді. Алғашында оны оқыған беттерді белгілейтін құрал ретінде пайдаландық. Кейін осы идеяны дамытып, сайт жасауға кірістім, – деді Ердәулет Аянұлы.

Оның айтуынша, алғашқы нұсқаны әзірлеуге жасанды интеллект көмектескен. Сайттың бастапқы нұсқасы үш айда дайын болған. Кейінгі төрт-бес айда платформаға жаңа мүмкіндіктер қосылып, дизайны жетілдірілген. Жалпы, жобаны әзірлеу жұмысы сегіз-тоғыз айға созылған.

Платформаның басты ерекшелігі – оқырманға кітап оқуды жүйелеуге көмектесуі. Қолданушы қағаз кітап оқыса да, электронды нұсқасын пайдаланса да, оқыған беттерін белгілеп, жеке оқу статистикасын жүргізе алады. Ал платформадағы кітаптарды сайттың өзінен оқуға мүмкіндік бар.

Қазір PARAQTA кітапханасында 148 кітап ұсынылған. Олардың қатарында қазақтың халық ертегілері, Абайдың қара сөздері, ағылшын және орыс тіліндегі кітаптар, сондай-ақ аударма шығармалар бар. Жоба авторының сөзінше, оқырмандар қазақ классикасы мен ұлттық әдебиетке көбірек қызығушылық танытады.

Жобада оқырманның белсенділігін арттыруға арналған жеке аккаунт жүйесі де қарастырылған. Қолданушы кітап оқыған сайын жұлдызша жинап, парақшасының дизайнын өзгертіп, виртуалды бөлмесін безендіре алады. Осылайша адамның оқу белсенділігі оның жеке парақшасынан да көрініс табады.

— Біз адамдарды кітапты күштеп оқытуға болмайды деп ойлаймыз. Оған қызықтыратын басқа жол табу керек. Мысалы, біздің платформада адам көп оқыған сайын жұлдызша жинайды. Оны жеке парақшасын безендіруге пайдалана алады. Кітап оқуды осындай шағын жетістіктер арқылы ынталандыруға болады. Бір жылда 60 кітап оқыған төрт қатысушымыз бар. Бұл – оқуға деген тұрақты әдет қалыптастыруға болатынын көрсететін мысал, – деді жоба авторы.

Платформада ақылы және тегін мүмкіндіктер бар. Ақылы нұсқада оқырман кітапты өзге қолданушылармен қатар оқып, олардың қанша бетке жеткенін және оқу қарқынын көре алады. Сонымен бірге оқырмандар клубтарына қатысып, рейтинг жүйесінде өз белсенділігін салыстыруға мүмкіндік бар. Кітап туралы пікір қалдыру қызметі де қарастырылған. Қазір платформада 600-ге жуық пікір жиналған.

Ердәулет Аянұлының айтуынша, жобаның тағы бір мақсаты – оқырмандарды бір ортаға біріктіру. Қаладағы кітапсүйер қауым бас қосып, оқыған шығармаларын талқылай алады. Қазір Астанадағы оқырмандар клубында 300-ге жуық адам бар. Олардың арасында 20–25 жастағы жастар белсенді.

— Менің мамандығым – инженер-жобалаушы. Негізгі жұмысым өз саламда, ал PARAQTA бастапқыда хобби ретінде басталды. Бірақ кітаптың адамның ойлауына, дүниетанымына қалай әсер ететінін түсінген сайын, осы тәжірибені өзгелермен де бөліскім келді. Қазір бұл бастама жеке іске айналып келеді. Командада екі адам ғана жұмыс істейміз, жасанды интеллект құралдарын да қосымша пайдаланамыз, – деді ол.

Жоба авторы алдағы уақытта платформаны мобильді қосымшаға айналдыруды жоспарлап отыр. Қазір iPhone қолданушыларына арналған нұсқаны App Store дүкеніне шығару үшін рұқсат күтіп отыр. Android жүйесіне арналған қосымшаны да әзірлеу жоспарда бар. Қосымшаны жүктеу тегін болады, алайда ақылы жазылымдар да сақталады.

Ердәулет Аянұлының пікірінше, кітап оқуды кеңінен насихаттау үшін оны адамдардың күнделікті өміріне ыңғайлы етіп енгізу қажет. Оның сөзінше, цифрлық платформалар мен мобильді қосымшалар оқуға қызығушылықты арттырып, адамдарға өз оқу дағдысын қалыптастыруға көмектесе алады.

PARAQTA командасы осылайша кітапты жай ғана оқып шығуға емес, одан алған ойды саралап, пікір бөлісуге және тұрақты оқу әдетін қалыптастыруға мүмкіндік беретін орта құруды көздейді.

Осыған дейін Президент кітап оқудың жастарды ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтайтын рухани қалқан екенін айтқан болатын.