«Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің бас бухгалтері сотталды

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - 2013 жылғы қаңтарда Астана қаласы бойынша қаржы полициясы департаментіне «Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ-ның басшылығы кәсіпорынның қаражат шығыны туралы жазбаша арыз берген.

Бұл туралы Астана қаласы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департаменттің баспасөз хабарында айтылған.

Астана қаласы бойынша ЭСЖҚКД аталған арызға сәйкес тергеу алды тексеруін жүргізді. Оның қорытындысы бойынша 22 қаңтарда «Парасат» холдингінің бас бухгалтері Майлинаға қатысты акционерлік қоғамның 7,5 млн. теңгесін жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу анықтағандай, Майлина өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, өзінің есепшот картасына жалақы түрінде негізсіз төлем аудару арқылы 7,5 млн. теңгені жымқырған.

Астана қаласы Алматы ауданының №2 сот үкімімен Майлинаға шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Тергеу барысында холдингке келтірілген залалдың толық көлемде орны толтырылды.