Парашютші Феликс Баумгартнер параплан апатынан қаза тапты

Фото: dw.com

АСТАНА. KAZINFORM — Осы салада бірнеше әлемдік рекорд орнатқан аустриялық экстремал парашютші Феликс Баумгартнер моторлы парапланмен ұшу кезіндегі апаттан қайтыс болды, деп жазады DW.

56 жастағы спортшының қазасы туралы бейсенбі күні кешке хабарланды.

Оқиға Италияның Адриатика жағалауында орналасқан Порто-Сант-Эльпидио қаласында болды. Жергілікті құтқару қызметінің хабарлауынша, Баумгартнер моторлы парапланмен ұшып бара жатқан, бірақ өзін нашар сезініп, ұшақты басқара алмай қалған.

Параплан жағалаудағы қонақүйлердің бірінің аумағындағы бассейн жанындағы құрылысқа соқтығысты. Құтқарушылардың айтуынша, ер адам оқиға орнында көз жұмды. Оқиға кезінде қонақүй қызметкерлерінің бірі зардап шекті. Парапланның ұшып кеткен бөлшегі әйелдің мойнын жаралаған. Әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді.

Бұған дейін әлемдегі ең қарт марафоншы Үндістанда жол апатынан қаза тапқаны анықталды.