Параспортшы Давид Дегтярев пауэрлифтингтен әлем чемпионы атанды
Қазақстандық спортшы 178 кг салмақты көтеріп бірінші орынға ие болса, екінші орынды Қытай спортшысы Ян Джилан иемденді.
Ал Мысыр елінен келген спортшы Абделмажид Таха үшінші орынға ие болды.
«Жалпы өз нәтижеме ризамын. Токио-2020 ойындарынан кейін дем алып, күш жинап, чемпионатқа қызу жаттығу жұмыстарын өткіздік. Сонын арқасында жақсы жетістікке жеттім деп ойлаймын. Жарыс барысында бірінші раундта 175 кг көтердім, екінші раундта 178 келі салмақты бағындырды, ал 3-ші раундта көтерген 186 кг салмағым техникалық себептермен есептелмеді. Маған қолдау көрсетіп, сенім артқан жаттықтырушыма, отбасыма, достарыма, ҚР Ұлттық Паралимпиада комитетіне және барлық қазақстандықтарға алғыс айтамын», - деді чемпион жарыстан соң.
Естеріңізге сала кетейік, пара пауэрлифтингтен әлем чемпионаты Тбилиси қаласында 27 қараша – 6 желтоқсан аралығында өтеді.
Оған әлемнің 68 мемлекетінен 400-ден астам спортшы қатысады.
Чемпионатқа Қазақстан тарапынан 26 паралимпиадашы аттанды, оның алтауы жастар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысады.