«Парыз» байқауы: Астанада бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі артады

Фото: Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде «Парыз» байқауы басталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкімдік мәлім еткендей, ол халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін қоғам алдындағы өздерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған.

Байқау төрт номинация бойынша өтеді:

1) «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын». Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы коғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеуді, кадрларды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарды барынша көп мөлшерде жұмысқа орналастыру және т. б.) іске асыратын үміткерлердің кызметі қаралады;

2) «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын». Бұл номинацияда еңбек кызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралады;

3) «Үздік ұжымдық шарт». Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады;

4) «Экологияға қосқан үлесі үшін». Бұл номинацияда қоршаған ортаның, қалдықтарды кәдеге жарату мен қайта өңдеудің жай-күйін жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын, іс-шараларын және жобаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі қаралады.

Өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін жүргізіледі.

— Байқауға қатысу тегін. Үміткерлер өз материалдарын қағаз түрінде және электронды форматта жолдайды. Байқау жөнінде толық ақпаратты 55-68-05, 55-68-34, 55-68-11 (Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы), 57-49-38, 57-49-35, 57-49-36 (Мемлекеттік еңбек инспекциясы Комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті), 55-75-74, 55-75-81 (Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы) телефондары арқылы алуға болады. Мекенжайымыз: Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 9, 2 қабат, 220 кабинет, эл.пошта: a.nurekenova@astana.kz. b.kasymov@astana.kz, — делінген хабарламада.

Осыған дейін ең жоғарғы жылдық инфляция Астана қаласында тіркелгені белгілі болды.