Париж-2024: Демеу Жадыраевтың алғашқы қарсыласы анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен қазақстандық спортшы Демеу Жадыраевтың (77 келі) қарсыласы белгілі болды.

Фото: olympic.kz

Жерлесіміз алғашқы айналымда эквадорлық Джейр Куеромен белдеседі. Бұл жұптың жеңімпазы шамамен Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2 дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмұдовпен кездесіп қалуы әбден мүмкін.

Айта кетсек, грек-рим күресінен ел құрамасында Демеуден басқа Айдос Сұлтанғали (60 келі), Әлімжан Сыздықов (130 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) бар.

5 тамызда Айдос Сұлтанғали алғашқы белдесунде Қырғызстан мықтысы Жоламан Шаршанбековке есе жіберді.

Ал Әлімжан Сыздықов алдымен румыниялық Алин Алексус-Циурариуден басым түсіп, одан кейін әзербайжандық Сабах Шариатиден ұтылды.

Сондай-ақ Париж Олимпиадасында еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86 келі), Әлішер Ерғали (97 келі) және Юсуп Батырмырзаев (125 келі) ел намысын қорғайды.

Күрес түрлерінен жарыстар 5-11 тамыз аралығында өтеді.