АСТАНА. KAZINFORM - Нысана көздеуден бұдан бұрын Париж Олимпиадасында қола алған Ислам Сәтпаев екінші сайысында финалға өте алмады.
Ислам әріптесі Константин Малиновский екеуі Олимпиада ойындарының іріктеу сынынан аса алған жоқ.
Әлемнің әр қиырынан келген спортшылар 10 метрге пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден сайысқа түскен еді.
Жарыс талабы бойынша финалға үздік 8 спортшы өтетін. Сайыс қорытындысы бойынша Сәтпаев 21, Малиновский 32-орынды місе тұтып, көшбасшылар қатарына кіре алмады.
Айта кетсек, бұған дейін әйелдер арасындағы турнирде Александра Ле 6-орынмен финалға өтті.
Еске салсақ, 27 шілдеде пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.