Нысана көздеу: Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қола жүлдеге таласады
ПАРИЖ. KAZINFORM – Нысана көздеуден Қазақстан командасы Париж Олимпиадасының іріктеу сынын сәтті бастады. Бүгін пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында Ислам Сәтпаев пен Александра Ле өнер көрсетіп жатыр. Олар іріктеуде үшінші орыннан көрінді.
Енді финалдық кезеңде қазақстандықтар қола медальға таласады. Біздің команданың қарсыласы – Германия құрамасы.
Алтын медаль үшін Қытай мен Оңтүстік Корея мергендері өзара кім мықтыны анықтайды.
Ал, Константин Малиновский мен Арина Алтухова 27-орыннан көрінді.
Естеріңізге сала кетейік, Бүгін Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында дзюдо, бокс, спорттық гимнастика, академиялық ескек есу, теннис, оқ ату, үстел теннисі және велоспорттан спортшыларымыз сынға түседі.
Аталған спорт түрлерінен сынға түсетін спортшыларымыз арасында бірден медальға таласатындары да, алғашқы іріктеу сындарына қатысатыны да бар.
Нақтырақ айтсақ, дзюдошыларымыз Әбиба Әбужақынова, Елдос Сметов және велоспортшы Евгений Федоров бастаған спортшыларымыз бірден жүлделі орындарға таласады.