Париж-2024: Мергендеріміз командалық бәсекеде іріктеуден өте алмады
ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында стенд атудан аралас командалық бәсекеде қазақстандық Эдуард Ещенко мен Әсем Орынбай сынға түсті.
Үш кезеңнің нәтижесінде қазақстандық жұп 140 ұпай (46-48-46) еншілеп, 15 команда арасынан 12-орыннан көрінді.
Бұл сайыстың іріктеу кезеңінде бірінші және екінші орынды иеленген Италия (149 ұпай) мен АҚШ (148 ұпай) құрамалары өзара бас жүлдені сарапқа салады. Ал 3-4-орын алған Қытай (146 ұпай) мен Үндістан (146 ұпай) командалары қола жүлде үшін өзара мықтыларды анықтайды.
Естеріңізге сала кетейік, Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызда мәресіне жетеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысып жатыр.
Олимпиадашылар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.