Париж-2024: Олимпиаданың ашылу салтанатына қанша спортшымыз қатысады
АСТАНА. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан құрамасынан қанша спортшы қатысатыны белгілі болды.
ҚР Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Олимпиада ойындарына қатысатын 80 спортшымыздың барлығы 26 шілде күні өтетін ашылу салтанатына бара алмайды.
Оған себеп, кейбір жекелеген спорт түрлері жарыс кестесіне сәйкес кейінірек басталатындықтан Парижге де кешігіп баратын спортшыларымыз бар. Сол себепті барлығы аталған салтанатты шараға қатыса алмайды.
26 шілдеге дейін Франция астанасына тек академиялық ескек есу, садақ ату, бокс, нысана көздеу, теннис, үстел теннисі, спорттық гимнастика, семсерлесу, жүзу, бадминтон, дзюдо, тас жолдағы велоспорт және стенд ату спортынан өнер көрсететін спортшыларымыз ғана барып үлгереді. Ал оның саны 50 спортшыны ғана құрайды.
Жеңіл атлетикадан қатысатын отандастарымыз 29 шілде күні Францияға аттанады. Алайда Ольга Сафронова салтанатты шеруде ту ұстайтындықтан, өзгелерден бірнеше күн ерте барады.
Ал, еркін күрес шеберлері тек 5 тамызда ғана Алматыдан аттанса, брейкингтен сынға түсетін Амир Закиров 8 тамызда Парижге жетеді.
Кері бағытта елімізге бірінші болып, 4 тамыз күні академиялық ескек есу мен дзюдодағы спортшыларымыз оралады.
Естеріңізге сала кетейік, Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.