Париж-2024: Олимпиадашылар қандай қонақүйлерге орналасады

Фото: KTF

АСТАНА. KAZINFORM - Франция астанасы Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының басталуына бүгін тура 14 күн қалды. Бүгін төрткіл дүние көз тігетін төртжылдық доданы ұйымдастыру комитеті спортшыларымыз қонақтайтын Олимпиада қалашығын көрсетті.

Олимпиада қалашығы келесі аптадан бастап, келушілерін қарсы ала бастайды. Қалашықтың аумағы 300 мың шаршы метрді құрайды. Онда Париж Олимпиадасы және Паралимпиада ойындарының қатысушылары тұрақтайды.

Әлемнің 200-ден астам елінен 15 мыңға жуық спортшыларды орналастыратын ғимарат заманауи және әр түрлі пішінде негізі қаланған.

7 жыл уақыт жұмсалған 80-нен астам ғимаратта 7 200 бөлме бар.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда төртжылдық додаға жолдама жеңіп алған қазақстандық спортшыларымыз соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен 80 жолдама жеңіп алды. Нақтырақ айтсақ, бокс, дзюдо, спортттық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, садақ ату, стендтік ату, теннис, велошоссе, жүзу, заманауи бессайыс, таеквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, академиялық есу, көркем гимнастика, триатлон, үстел теннисі, құзға шығу және брейкингтен Олимпиада ойындарында сынға түседі. 

Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.