Париж-2024: Сергей Емельянов жартылай финалға тікелей жолдама ала алмады

Фото: Фото: ҰОК

ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін каноэде ескек есуден ерлер арасындағы жекелей сында Сергей Емельянов бақ сынады. 

Отандасымыз ерлер арасында өткен жекелей бәсекеде 1 000 метрге каноэде ескек есуден ел намысын қорғап, өз тобында өнер көрсеткен бес спортшының арасынан мәреге 4:05:31 уақыт көрсеткішімен төртінші болып жетті. Алайда бұл көрсеткішпен Сергей Емельянов жартылай финалға тікелей жолдама ала алмады. Себебі, бұл спорт түрлерінен әр топта үздік атанған 2 спортшы ғана жолдамаға қол жеткізеді.

Енді отандасымыз ширек финалда бақ сынап, жартылай финал жолдамасына таласады. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін байдаркада 1 000 метрге ескек есудің жекелей сынында ел намысын қорғаған Бекарыс Раматулла жартылай финалға шыға алмағанын жазған болатынбыз. 

Сонымен қатар бүгін грек-рим күресінен 87 келі салмақта сынға түскен қазақстандық балуан Нұрсұлтан Тұрсынов алғашқы кездесуінде қарсыласынан басым түсіп, Олимпиада ойындарының ширек финалына шықты.