2017 жылдың қыркүйегінде Перуде өткен Халықаралық олимпиада комитетінің 131-сессиясында 33-ойын қожайыны таңдауы Парижге түсті. Бастапқыда 2024 жылғы Ойындарды өткізуге Будапешт (Венгрия), Гамбург (Германия), Лос-Анджелес (АҚШ), Париж (Франция), Рим (Италия) үміткер болған еді.
Француз баспасөзінің мәліметінше, қазіргі уақытта Париж Олимпиадасының құны 8,8 миллиард еуроны құрайды. Ал 2017 жылы Франциядағы ойындардың бюджеті 6,6 миллиард еуроға бағаланған-ды. Сарапшылардың атап өтуінше, Олимпиаданың «қымбаттауы» бүкіл Еуропадағы инфляцияның өсу үрдісімен байланысты. Бұған қоса, Франция бұқаралық ақпарат құралдары бұл бюджет жарысқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты туындауы мүмкін қосымша шығындарды француз билігінің әлі ескермегенін жазуда.
Франция аумағында Олимпиаданың ашылуына арналған негізгі іс-шаралар 2024 жылдың 8 мамырында басталады. Сол күні Олимпиада алауы Грециядан Марсельге ресми түрде жеткізіледі. Бұл ретте Олимпиадада ресми түрде жанатын Олимпиада алауы Францияның оңтүстігіне теңіз арқылы француздық тарихи «Белена»кемесімен жөнелтіледі.
Аталған үш діңгекті кеме алғаш рет 1896 жылы суға түсірілген болатын. Ол тарихта бірнеше ірі оқиғаны бастан кешіріп, Францияның тарихи рәміздерінің біріне айналды.
Марсель – Франциядағы Олимпиада алауы эстафетасының бастапқы нүктесі
Ұйымдастырушылар Марсельді Франциядағы Олимпиада алауы эстафетасының бастауы ретінде тосыннан таңдап алған жоқ. Бүгінде бұл қала тұрғындары саны жағынан елдегі екінші қала салады. 2020 жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сәйкес, онда 870 мың адам тұрады.
Францияның оңтүстік мегаполисі әрі ірі порты санғасырлық спорттық мәдениетімен де даңқы шыққан. Сондықтан да алдағы ойындарда Марсель маңызды рөлге ие. Екі спорттық алаңда – Марсель стадионы мен Марсель айлағында футбол мен желкенді спорттан олимпиадалық жарыстар өтеді.
Марсель мэрі Бенуа Пайан Олимпиада-2024 алауының Ескі порта қарсы алынатындығын және сол жерде аталған оқиғаға байланысты үлкен фестивальдің ұйымдастырылатындығын мәлімдеді. Сонымен қатар жергілікті «Велодром» стадионында 2024 жылдың күні бекітілген олимпиадалық шеңбер суреті бар алып олимпиадалық мозайка орналастырылады.
Осы жылдың 9-16 шілдесі аралығында Ойындарға дайындық аясында 2024 жылғы Олимпиаданың ресми алаңы ретінде бекітілген Марсель айлағында келесі ойындарға бірінші сынақ іс-шарасы ретінде желкенді спорттан халықаралық жарыс ұйымдастырылды. Марсельге шамамен 1 200 адам, оның ішінде әлемнің 55 елінен 352 спортшы келді.
Дегенмен, Марсельдің кейбір тұрғындары жарыс кезінде теңізге баруларына қолайсыздықтар болғанын әлеуметтік желіде жазды. Алайда олардың суға түсуі үшін қала орталығындағы жағажайда арнайы аймақ ұйымдастырылған болатын. Осыған қарамастан француздық комментаторлар алдағы жарыс кезінде Марсельге келетін туристер санының артатындығын атап өтуде. Ал бұл COVID-19 пандемиясының теріс салдарынан кейін енді қалпына келіп жатқан жергілікті туристік бизнес үшін өте өзекті.
Франциядағы Олимпиада алауының бағдары
Олимпиада алауы Франция жағалауына жеткізілгеннен кейін ел ішінде құрлықпен алып жүріледі. Бағдар Францияның 64 елді мекенін басып өтіп, 2024 жылдың 26 шілдесінде Парижге жеткізіледі. Жалпы, Олимпиада символын шамамен 10 мың адам кезек-кезек алып жүреді.
Ұйымдастырушылардың ұйғарымына сәйкес, Олимпиада-2024 эстафетасы қоғамдастықты Франция тарихына үңілуге мүмкіндік береді. Франция тарихының әрбір маңызды кезеңіндегі елдің мәртебесі мен ықпалының артуына септігін тигізген бірегей орындар айшықталып, түрлі дәуірлер арасындағы айшықты мезеттерді байланыстыруға талпыныс жасалады.
Сонымен, алау Ласко үңгірлеріне, Алезияның археологиялық қазба орнына, ортағасырлық Каркассон қаласына, Версаль сарайына және Францияның басқа да көптеген тарихи орындарына барады. Архитектуралық жауһарларды, көптеген шіркеулер мен аббаттарды, оның ішінде әйгілі Мон-Сент-Мишель орнын паш етеді.
Алау эстафетасы Франция тарихында із қалдырған адамдарға, атап айтқанда Орлеандағы Жанна д'Арк, Си-Шазельдегі Роберт Шуман және Коломбе-ле-Де-Эглиздегі Шарль де Голльге тағыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, 2024 жылғы Олимпиада алауының дизайнын жасау 1974 жылы дүниеге келген және әлемге әйгілі маман француз дизайнері Матье Леханнерге бұйырды.
М.Леханнер әртүрлі шығармашылық салаларда, объектілерден сәулет өнеріне дейін, өнерден өнім дизайнына дейін, бірегей қолдан жасалған бұйымдардан озық дизайн технологияларына дейін жұмыс істейді. Оның жобалары инновацияны, сиқырды, дизайнды, ғылымды, өнерді және пайдаланушылардың әл-ауқатын арттыруға деген ұмтылысты біріктіреді.
Ұйымдастырушыларға әлемнің түкпір-түкпірінен 45 мың ерікті көмектеседі. Еріктілер бүкіл Францияда Олимпиада және Паралимпиада ойындарының барлық ресми нысандарында жұмыс істейді және іс-шараның барлық аспектілерінде шешуші рөл атқарады. Париж Олимпиадасында ерікті болу үшін ағылшын және француз тілдерін білу қажет.
Олимпиадаға дейінгі сынақ жарыстары
2024 жылғы Олимпиадаға бүкіл әлемнің назары ауатындығын ескерген ұйымдастырушылар Ойындар басталуға 12 ай қалған кезде сынақ жарыстарын бастап та кетті.
Ұйымдастыру комитетінің атап өтуінше, сынақ Ойындар кезіндегі жарыстардың нақты көшірмесі болуға арналмаған. Олар Париж-2024 сол жылыдң жаз айында барлық жарыс өтетін нысандардың сақадай-сай болатындығына кепілдік беру үшін жасалып отыр. Сынақ жарыстары Ойындардың барынша үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажеті болуы мүмкін кез келген өзгерістерді анықтауға және оны енгізуге мүмкіндік береді.
Сынақ іс-шаралары Марсельде басталды. Оны жоғарыда желкенді спорттан өткендігін атап өткен едік.
Ал тамыздың бұл күндері Париж қаласында үшсайыстан халықаралық жарыс жоспарланған. Ұйымдастырушылар Сена өзенінің су сапасына, сонымен қатар жарыс кезеңінде жол қозғалысын ұйымдастыруға айрықша назар аударып отыр.
Сынау бағдарламасы 2024 жылдың маусымында «Стад де Франс» стадионында өтетін жеңіл атлетикадан операциялық тестпен аяқталады.
Париждегі Олимпиаданың ашылу салтанаты
2024 жылғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты «революциялық» болады деп жоспарланған. Ұйымдастырушылар дәстүрге айналған стадион аясында Олимпиада ойындарын ашудан бас тартып отыр. Салтанатты іс-шараны Париж қаласының негізгі су артериясы – Сена өзенінде өткізу туралы шешім қабылданды.
«Стандарттан тыс ойлау, Ойындарды революциялау, бірақ кең бұқара үшін қолжетімді болып қалу – бұл Париж-2024 шешетін міндет», - делінген Олимпиада-2024 ресми сайтында.
Осылайша, спортшылар шеруі Сена өзенінің үстінде өтеді. Әрбір ұлттық делегация қайықпен жүзеді. Қайықтар камералармен жабдықталады. Яғни, ұлттық делегациялар шеруін телекөрермендер жақыннан тамашалай алады. 10,5 мың спортшы шығыстан батысқа қарай қозғалып, Париждың орталығымен жүріп өтеді. 6 шақырымдық шеру Трокадеро алдында аяқталып, қалған олимпиадалық хаттама іс-шаралары мен қорытынды шоу болады.
Дегенмен, Франция билігі қауіпсіздік мәселесіне айрықша назар аударып отыр. ІІМ басшысы Жеральд Дарманин Олимпиада кезінде қылмыстық мүлде болмау қажеттігін жария түрде мәлімдеп отыр. Бұл үшін 2024 жылы өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындары кезінде қосымша 2,8 мың полиция қызметкері мен жандарм жұмылдырылады.
Бұған қоса, Францияның Туризм министрлігі алдағы Олимпиада ойындары кезінде қонақтарға арналған қонақ үйлердің қымбат бағасымен күрдесуге де ниетті. Олимпиада ойындары кезінде онсыз да қымбат қонақ үйлердің бір күндік бағасы екі, тіпті үш есеге шарықтап кетуі мүмкін. Баспана іздеумен айналысатын танымал қызметтердің бірінің зерттеулеріне қарағанда, қазіргі уақытта Франция астанасында баспананы жалға беретіндердің орташа табысы тәулігіне 119 еуроны құрап отыр. Ал 2024 жылдың жазында бұл баға 221 еуро, тіпті одан да жоғары болуы ықтимал. Мұндай баға өсімін тұсау үшін Францияның Туризм министрлігі баспана құнының негізсіз өсуін қадағалап отыру мақсатында тұрғын жайды жалға беретін платформалармен бірнеше келісімге қол қоймақ.