Париж ауруханаларында виртуалды табиғат көріністері қолданыла бастады
04:54, 11 Маусым 2018
АСТАНА. ҚазАқпарат - Париж ауруханаларының бірінде емдеу әдісі ретінде жапон бағы немесе қар басқан тау бейнеленген виртуалды көріністер қолданыла бастады, деп жазады «Хабар 24».
Дәрігерлердің айтуынша, бұл бір жағынан гипнозға ұқсайды. Ол науқастың ауырсынуын азайтып, қорқынышын басуға көмектеседі. Мысалы, емделуші жарасын таңу немесе шығып кеткен сүйегін салу сияқты әрекетті еш ауырсынбай жасатады.
Ал мұндай тәжірибені алғаш болып, америкалық дәрігерлер қолданған екен.
«Бұл емделушілерге өте пайдалы. Оның науқасқа кері әсері жоқ. Осыдан 10 жыл бұрын кей емдеу орталықтары гипнозды қолдана бастаған еді. Қазір ол кеңінен таралып отыр. Сондықтан жаңа емдеу түрі де біраз уақыт өткен соң күнделікті қолданатын әдіске айналатын шығар деп ойлаймын», - дейді Әулие Йозеф ауруханасының қабылдау бөлімі директоры Оливье Ганансия.