Париж бен Лондон Ормуз бұғазындағы халықаралық миссияны басқарады

Фото: https://t.me/dwglavnoe

АСТАНА. KAZINFORM – Франция мен Ұлыбритания Ормуз бұғазында кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық миссияны басқаруға ниетті, деп хабарлайды DW.

Парижде өткен Ормуз қауіпсіздігіне арналған халықаралық конференция қорытындысы бойынша Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен Франция президенті Эмманюэль Макрон тиісті мәлімдеме жасады.

– Бұл миссия тек бейбіт және қорғаныстық сипатта болады және коммерциялық кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ миналарды залалсыздандыру жұмыстарын қолдауға бағытталады. Қазіргі таңда оннан астам ел осы бастамаға қатысуға дайын екенін білдірді, – деді Кир Стармер Париждегі бірлескен баспасөз мәслихатында.

Кездесуге Германия канцлері Фридрих Мерц пен Италия премьер-министрі Джорджа Мелони де қатысты. Сонымен қатар 50-ге жуық ел мен халықаралық ұйым өкілдері онлайн форматта қосылды.

Фридрих Мерц Германияның миссияға қатысуға дайын екенін атап өтті.

– Германия Ормуз бұғазындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету операциясына қатысуға әзір. Бұл аясында миналарды залалсыздандыру және теңіздегі барлау жұмыстарын жүргізу қарастырылуы мүмкін. Алайда әскери күштерді орналастыру үшін Таяу Шығыстағы қақтығыстың аяқталуы маңызды шарт болып қала береді, – деді ол.

Сондай-ақ Германия тарапы миссияға АҚШ-тың қатысуы құптарлық екенін жеткізді.

Айта кетейік, Ормуз бұғазында АҚШ блокадасына қарамастан кеме қатынасы жалғасып жатыр.