Париж халқы полиция қысымына қарсы шеруге шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Париждің маңындағы босқындар тұрақтаған Оне-су-Буа елді мекенінде полицейлерге қарсы бас көтерулер белең алды. Бір жеті бұрын мұнда тәртіп сақшылары қара нәсілді Тео атты бозбаланы ұстау кезінде оған күш қолданған, деп жазады «Хабар 24».

Куәгерлер түсірген бейнетаспада құқық қорғаушылардың жас жігітті аяусыз ұрып-соққаны анық көрінеді. Ал жас жігіт еш қарсылық көрсетпеген. Кейін белгілі болғаны, Теоға тіпті полиция таяғымен зорлық жасалған деген де ақпарат бар. Нәтижесінде 4 полиция қызметкері қызметтен шеттетілді. Біреуіне зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұл жағдайға наразы жұрт қайта-қайта Париж көшелеріне шығып, наразылықтарын білдіріп жатыр. Жиылған жұрт тек кетпей, соңы тәртіпсіздіктерге ұласқан.