Париж маған Олимпиаданың қандай жарыс екенін ұғындырды – Әбиба Әбужақынова

ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін дзюдодан аралас командалық белдесулер өткен болатын.

Фото: Сали Сабыров

Аталған жарыста Қазақстан құрамасы Бразилияға 4:2 есебімен жол берді. Белдесулерден кейін Kazinform тілшісі Әбиба Әбужақыновамен тілдесті. 

– Әбиба, аралас командалық сайыста үш қыз шығып, үшеуіңіз де жеңіліп қалдыңыздар. Қарсыластарыңыз өте мықты болды ма?

– Әрине, мықты командамен сынға түстік. Қазақстан дзюдодан Олимпиада тарихында алғаш рет командалық жарыста бақ сынап тұр. Сондай-ақ лицензияны толық құраммен алмадық қой. Сондықтан көпшілігіміз өзіміздің салмағымыздан жоғары балуандармен белдестік.

– Егер қыздарымыз жеңіске жеткенде келесі айналымға өте алар ма едік?

– Бәрі мүмкін еді. Өкінішке қарай үшеуіміз де жеңілдік. Жігіттердің екеуі жеңіске жетті. Барымызды салып белдестік. Алайда жүлдеге қол соза алмадық. Егер толық құраммен келгенде басқаша болар ма еді.

– Осымен қазақ дзюдошылары Олимпиада ойындарын аяқтады. Аталған додадағы көрсеткіштеріңізге разы болдыңыздар ма?

– Әрине, жігіттеріміз жекелей сында 1 алтын, 1 қола медаль иеленді. Бір спорт түрінен алғанда жақсы нәтиже. Жүлдегер атанған жігіттерімізді шын жүректен құттықтаймын. Бұл біздің дзюдошылардың ортақ жүлдесі деп есептеймін.

– Ал, өзіңіз жүлдеге «сынық сүйем» қалғанда сүріндіңіз. Қазіргі көңіл күйіңіз қалай?

– Парижге жүлде аламын деп келгенім рас. Мәңгі есімнен кетпейтін өкініш қалды. Мойындау керек, ақталмаймын, жеңіліп қалдым. Жанкүйерлерді қуанта алмағаным үшін тағы бір мәрте кешірім сұраймын. Ең бастысы – бұл Олимпиада маған ең үлкен тәжірибе сыйлады. Мен мұндай додаға бірінші рет қатысып тұрмын. Париж маған Олимпиаданың қандай жарыс екенін ұғындырды. 

– Елге қашан қайтасыздар?

– Бұйырса, ертең жолға шығып, 5 тамыз күні елге жетеміз деп жоспарлап отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет. Алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз.