Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик Париж мастерс турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 14-ракеткасы, америкалық Фрэнсис Тиафомен шеберлік байқасты.
А.Бублик бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ол осы уақыт ішінде 11 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Ф.Тиафо 4 эйстен аса алмады.
Александр Бублик 1/8 финалға шығу үшін әлемнің 20-ракеткасы, Чили өкілі Николас Харримен таласады.
Өткен жылы қазақстандық спортшы алғашқы айналымнан аса алмаған еді.
Биылғы соңғы мастерс додасы 5 қарашада мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын WTA қорытынды турнирінде Елена Рыбакинаның алғашқы матчында жеңіліп қалғанын жазған едік.
Сондай-ақ Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Дэвис кубогіндегі қарсыластары анықталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).