Олимпиадада бокстан лейтенант Сәкен Бибосынов, мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Мұхамедсабыр Базарбайұлы және Қарулы күштердің қызметшісі Махмұд Сабырхан, грек-рим күресінен кіші сержант Айдос Сұлтанғали, қатардағы жауынгер Әлімхан Сыздықов, Қарулы күштердің қызметшілері Демеу Жабраев пен Нұрсұлтан Тұрсынов, спорттық гимнастикадан — ҚК қызметшілері Нариман Құрбанов, заманауи бессайыстан — ҚК қызметшісі Елена Потапенко, оқ атудан — кіші сержант Әсем Орынбай және ҚК қызметшісі Ислам Сәтбаев, тхэквондодан — ҚК қызметшілері Сомирхон Абабакиров және Батырхан Төлеуғали, спорттық альпинизм бойынша — ҚК қызметшісі Әмір Маймұратов, бадминтоннан — ҚК қызметшісі Дмитрий Панарин, дзюдодан — аға лейтенант Ғұсман Қырғызбаев, қатардағы жауынгерлер Данияр Шамшаев, Абылайхан Жұбаназар және ҚК қызметшісі Кәмила Берліқаш, байдарка есуден — ҚК қызметшісі Сергей Токарницкий жарыстарда бақтарын сынайды. 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына әскер спортшылары 8 лицензия алса, 2021 жылы Токиода — 18, ал 2024 жылы Парижге — 20 лицензия жеңіп алды.
— Әскер спортшылары іріктеу жарыстарында барынша жақсы нәтиже көрсетті. Дайындық деңгейлерінің бәсекелі болғанын алған лицензиялар растайды. Париждегі Олимпиадада үздік танылу үшін мықты нәтижелер көрсетеді деп сенеміз, - деді Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы полковник Арман Әбеуов.
Бүгінгі таңда ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті — Орталық спорт клубында 20-ға жуық спорт түрі кең дамып келеді. 180-нен аса армиялық саңлақ түрлі спорттан ұлттық құраманың мүшелері. 2024 жылдың басынан бері армия қоржынында 204 медаль бар: оның — 91-і алтын, 52-сі күміс және 61-і қола.