Париж Олимпиадасына Өзбекстан атынан 90 спортшы қатысады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарында Өзбекстан атынан 90 спортшы қатысады. Олар спорттың 19 түрінен сынға түседі. Бұл туралы президент Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар. 

Фото: president.uz

Кеңесте мәлім болғандай, Олимпиадаға жолдама алған өзбекстандық спортшылардың 36%-ы – әйелдер. 

Спортшыларды даярлау үшін жеке стратегия әзірленіп, олардың іріктеу мен оқу-жаттығу іс-шараларына қатысуына толық жағдай жасалды. Спортшылар республикадағы 15 олимпиадалық және паралимпиадалық орталықтар мен спорт базаларында дайындықтан өткен. 

Президент Шавкат Мирзиёев кеңес қорытындысы бойынша жауапты ведомстволарға дарынды жастарды қолдау және ұлттық құрама командалар үшін сапалы резерв қалыптастыру туралы тапсырма берді.