Париж Олимпиадасына іріктеу: Назым Қызайбай жолдамаға жақындай түсті

АСТАНА. KAZINFORM - Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде Назым Қызайбай (50 келі) ширек финалға шықты. 

Фото: sports.kz

50 келі салмақ дәрежесінле бақ сынаған қазақстандық боксшы 1/8 финалда ұлыбританиялық Саванна Стублейді жеңді. 

Жекпе-жек барысында Назым бір бас жоғары болды. Қарсыласына көбірек соққы жұмсады. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан Назымды бұл кездесудің жеңімпазы деп таныды. Осылайша қарсыласынан 5:0 есебімен басым түскен ол ширек финалға жолдама алды.

Енді ел құрамасынан 18:45-те Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63.5 келі) бесінші жолдама үшін колумбиялық Хосе Мануэль Виафарамен қолғап түйістіреді. 

Сондай-ақ бүгін Валентина Хальзова (75 келі) 1/4 финалға шықты. 

Таиландтағы іріктеу турнирінде Ұлжан Сәрсенбек (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) мен Наталья Богданова (66 келі) жарысты орта жолдан аяқтады. 

Қазір Қазақстан құрамасы қоржынында Париж Олимпиадасына ерлерде 6, әйелдерде 1 жолдама бар.