Париж Олимпиадасында америкалық спортшы Симон Байлз аңызға айналған әдісін қайталады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ намысын қорғаған танымал гимнаст Симон Байлз «Юрченко» әдісін (екі рет артқа секіру) сәтті орындап, Олимпиаданың 6 дүркін чемпионы атанды.

Фото: olympics.com

Мамандар КСРО спортшысы Наталья Юрченконың атымен аталып кеткен секіру әдісін Байлз жетілдіре түсіп, одан сайын күрделі әдіске айналдырғанын айтып отыр. Сәйкесінше, қазір бұл әдіс Байлздың есімімен аталып жүр. Оны тіпті, ерлер де орындауға жүрексінеді екен. 

Байлз бұл ерекше әдісті бұған дейін 2023 жылы Бельгияның Антверпен қаласында өткен гимнастикадан әлем чемпионатында орындаған болатын. Енді, міне, араға бір жыл салып сәтті әдіс Париж Олимпиадасының алтынын сыйлады. 

Америкалық атлет бағдарламаның төрт түрінен 59,131 ұпай жинады. Бразилиялық Ребека Андраде (57,932) күміспен күптелсе, Токио Олимпиадасының чемпионы америкалық Суниса Ли (56,465) қолаға қол жеткізді.