Париж Олимпиадасының лицензиясына таласатын мергендеріміз анықталды

Кувейт астанасында стенд атудан Париж Олимпиадасына жолдама сарапқа салынатын Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасы белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, аталған Сарықұрлық додасы 12-22 қаңтар аралығында өтеді. Аталған Азия біріншілігінде келе жатқан Париж Олимпиадасының 8 лицензиясы сарапқа салынады. Яғни, әр жаттығу түрінде екі жолдамадан беріледі. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы да бақ сынап, Олимпиада жолдамасына таласады. 

Скит бағдарламасы: Әсем Орынбай, Ольга Панарина, Зоя Кравченко, Эдуард Ещенко, Александр Ещенко, Александр Мухамедалиев, Илья Пенков, Максим Почивалов, Ратмир Еникеев;

Трап бағдарламасы: Айжан Досмағамбетова, Мария Дмитриенко, Анастасия Прилепина, Максим Бедарев, Әлішер Айсалбаев, Виктор Хасянов, Богдан Конченко, Никита Моисеев, Никита Чикулаев.

Бас бапкер – Сергей Колос.

Жалпы чемпионатқа 40 мемлекеттен 500-ден астам мерген қатысады. Жарысты Халықаралық нысана көздеу федерациясы тікелей эфирде көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, жарты жылдай уақыт қалған басты додаға ел құрамасы қазірге дейін спорттың 8 түрі бойынша 17 лицензия алып үлгерді.

Атап айтсақ, қазақстандық спортшылар жаңа жылға дейін садақ ату, велошоссе, оқ ату, қазіргі бессайыс, грек-рим және еркін күрес, бокс және спорттық гимнастикадан жолдама жеңіп алды.

Париждегі Олимпиада ойындары осы жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтеді.