Париж олимпиадасында жеңіс тұғырынан көрінгім келеді – велоспортшы Махаббат Үмітжанова

Фото: спортшының жеке мұрағатынан
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Елімізде велоспорт жақсы дамып келеді. Десе де, қыздар арасында Олимпиада ойындарында әзірге биіктен көріне қойған спортшы жоқ. Кейінгі жылдары сол олқылықтың орны тола бастаған секілді. Әлемдік жарыста топ жарған Махаббат Үмітжанова жақында Таиланд тасжолында өткен Азия чемпионатында мәре сызығын бірінші болып қиды. ҚазАқпарат тілшісі спортшымен сұхбаттасып, оның жеткен жетістігі және алдағы мақсаты жөнінде ой бөліскен еді.

- Алдымен өзің жайлы айта кеткенің артық болмас. Қай өңірде дүниеге келдің? Спортқа қашан қадам бастың?

- Мен Солтүстік Қазақстан облысы велоспорт мектебінде тәлім алдым. Алғаш рет велоспорт үйірмесі есігін 13 жасында ашқан едім. Шал ақын ауданының орталығы - Сергеев қаласындағы №1 мектеп-интернатында 4-6 сынып аралығында оқыдым.

Одан кейін Петропавл қаласындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында білімімді жалғастырдым. Велоспорттың әліппесін жергілікті бапкер Виктор Потапов үйрендім.

Асқақ арман адамды алға жетелейді. Ол 2012 жылы Талдықорған қаласындағы велоспорттан олимпиадаға дайындық орталығына түсті. Ал 2014 жылы «Astana BePink» клубының құрамына кірді, 2016 жылы «Astana Women Team» клубы сапына ауысты.

Онда белгілі велошабандоз Зульфия Забирова менеджер қызметін атқаратын еді. Бұл үлкен спортқа қадам басқан қазақ қызының өміріндегі елеулі сәттердің біріне айналды.


- Саған велоспортты үйрену қиынға соққан жоқ па? Әдетте, ол қыз баласына ауыр соғатыны белгілі.

- Бұл сөзді жоққа шығара алмаймын. Алғашқыда велосипедті игеріп кету оңайға соққан жоқ. Уақыт өте келе қиындықтың барлығын жеңе аласың. Оны өзімнің жеке спорт жолымнан көруге болады. Велоспорт әліппесін үйреніп, қыр-сырына қаныққаннан кейін алдыма үлкен мақсат қойдым. Қазірге дейін бағындырған белестерім - соның айқын куәсі. Әрбір жарысқа қатысарда өзімді қайрап шығамын. Еліміздің абыройын биіктетсем деймін. Сол мақсатыма жеткен сәтте иығымнан жүк түскендей сезінемін.

- Алғашқы жетістіктерің қандай? Қазірге дейін қандай табыстарға қол жеткіздің?

- Махаббат 2016 жылы тректен ел біріншілігінде чемпион атандым. Ал шосседегі жарыста алғашқы орындардан көріндім. Қазақстандық бапкерлер дайындығымды жоғары бағалап, көптеген халықаралық бәсекеге жол ашылды. Нәтижесінде Азия чемпионатында бірнеше мәрте жүлдегер атандым. Азия ойындарында бақ сынадым. Ел біріншілігінде талай мәрте топ жардым. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болдым.

Қазір құрлықтық додада жеңімпаз атану оңайға соқпайды. Көптеген елдерде қыздар арасындағы велоспорт дамып кетті. Тасжол үстіндегі тартыста Қытай, Жапония, Вьетнам, Таиланд, Оңтүстік Корея, Өзбекстан спортшылары жарыс көрігін қыздырады. Биылғы Азия чемпионатында да дәл сондай бәсеке болды.

Қаншама шақырымға созылған жарыста олардың алдына түсіп кету оңайға соққан жоқ. Еліміздің абыройын қорғап барғаннан кейін біз үшін шегінерге жер жоқ. Намысқа тырысып, алға қарай ұмтыла түстім. Қарсыластарым да бас жүлдеге барынша таласты. Бұл бәріміз үшін де қызықты бәсеке ретінде ерекшеленді. Мәре сызығын бірінші болып қиған сәтте ерекше көңіл-күйге бөлендім. Қаншама жылғы еңбектің, дайындықтың өтеуі қайтты.

Әлемдік деңгейде велоспорт бәсекелері өте қызық өтеді. Ерлер арасында ұзақ жылдан бері ұйымдастырылатын көпкүндіктер жанкүйер қауымының қызыға тамашалайтын сайыстарына айналды. Мұндай жарыстар әйелдер велоспортында да бар. Оған да кілең мықты велошабандоздар жиналады. Жазғы олимпиада ойындары күнтізбесінде қыздар да жүлделерді сарапқа салуға мүмкіндік алды.

- Өзге елдердегі мамандардың Қазақстан велоспортына деген көзқарасы қалай?

- Айта кетсек, әлемдік мамандар Қазақстанды велоспорт жоғары дамыған елдердің бірі санайды. Сондықтан жүлдеге үміткерлер қатарына қосады. Бұл - біз үшін үлкен жауапкершілік. Қателікке бой алдыруға болмайды. Жоғары нәтижеге қол жеткізуге барынша күш саласың. Осындай бәсекенің арқасында әріптестеріммен бірге үлкен тәжірибе жинақтадық.

Бізді алда беделді бәсекелер күтіп тұр. Олардың арасында 2024 жылғы Париж олимпиадасының шоқтығы биік. Мұндай айтулы аламанға әрбір спортшы қатысып, бақ сынауды қалайды. Оған лайықты деңгейде дайындық жасайды. Олимпиадаға қатысу үшін алдымен іріктеу кезеңінен іркілмей өтуің керек. Алдағы мақсатымыз - жанкүйерлерді жоғары жетістігімізбен қуанту.

Менің өмірлік жолдасым Мәди Әзен де - белгілі велошабандоз. Қызылорда велоспортынан тәлім алған ол халықаралық және еліміздегі көптеген жарыстарда толайым табысқа кенелді.

Сыр велоспортының беделі биік. Бұл өңірден талай мықты спортшылар шықты. Олардың қатарында трек түрінен Әлем чемпионы Марат Сатыбалдиевті ерекшелеп айтамыз. Сондай-ақ, жастар арасында әлемдік деңгейде топ жарған Сергей Капустинмен де жерлестері мақтанады. Қазіргі күні де келешегінен үлкен үміт күттіретін жастар шоғыры өсіп келеді.

- Құрлықтық додадан кейін ел біріншілігінде топ жарғаныңды білеміз. Қарсыластарың жайлы не айтар едің?

- Иә, ел біріншілігінде топтық жарыста жеңіс тұғырына көтерілдім. Бәсеке барысында спортшылар 105 шақырымдық тартысқа түсті. Мәреге 20 шақырым қалған сәттен бастап Павлодар облысынан келген Рината Сұлтанова екеуміз жұлдыздай жүйткіп, өзге қарсыластарымыздан оқ бойы озық шықтық. Шешуші сәтте сыр бермей, мәре сызығын бірінші болып қидым.

- Әңгімеңе рақмет.