Паралимпиада ойындары 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Франция астанасында өтеді.
Баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Ішкі істер министрі Жеральд Дарманен билік Паралимпиада ойындары қарсаңында ешқандай террористік қауіпті байқамағанын айтты. Ол Газадағы соғыс пен Таяу Шығыстағы аймақтық қақтығысқа байланысты 27 спортшыдан тұратын Израиль делегациясын полиция тәулігіне 24 сағат күзететінін атап өтті.
«Конкорд стадионындағы ашылу салтанатына 30 мыңға жуық көрермен жиналып, Елисей алаңында өтетін салтанатты шараға тағы 15 мыңға жуық адам тегін қатыса алады», - деді Ж.Дарманин.
Полиция сондай-ақ жексенбі күні Паралимпиада ойындарының отаны саналатын Лондонның солтүстік-батысындағы Сток Мандевилл ауылынан Францияға келген Олимпиада алауы эстафетасының қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысты.
Ұйымдастыру комитетінің президенті Т. Эстангет бүгінде қол жетімді 2,8 миллион билеттің 1,7 миллионы сатылып кеткенін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Паралимпиада ойындары Парижде 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақстан құрамасының қоржынында 33 лицензия бар. Тоғыз спорт түрінен (жүзу, парапауэрлифтинг, жеңіл атлетика, параканоэ, паратэквондо, волейбол — ерлер, оқ ату, үстел теннисі, дзюдо) 44 спортшы бақ сынайды.