Парижде 12 жастағы оқушының өлімі қоғамдық резонанс тудырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парижде жексенбі күнгі оқушы қыздың өлімінен кейін төрт адам қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

12 жастағы Лола Давиенің қазасы Францияда қоғамдық резонанс тудырды, деп жазды жергілікті БАҚ.

Белгілі болғандай, қыз колледжден үйіне қайтып келе жатқан. Бойжеткен үйіне оралмаған соң, анасы Дельфина әлеуметтік желіде жоғалған қызын табуға көмек сұраған.

«Біздің қызымыз Лоланы соңғы рет сағат 15:20 кезінде үйде бейтаныс әйелмен көрген» деп жазды. Сол үйде қарауыл болып жұмыс істейтін Лоланың әкесі полицияға қызын жасы 20-лар шамасындағы әйелмен бірге бейнебақылау камерасынан көргенін айтқан. Кейін әйелдің үйден чемоданмен шығып бара жатқанын көргендер бар. Қыздың денесі өзі тұратын он қабатты үйдің жертөлесінен табылды. Денесіне «1» және «0» сандары жазылған.

Тергеушілердің мәліметінше, қызды буындырып өлтірген. Жедел-тергеу тобы атышулы қылмыстың себептерін анықтау бойынша шаралар қабылдауда.