Парижде 150 млн жыл бұрын тіршілік еткен динозавр қаңқасы сатылады
Арт-нарықта сүйектері өте жақсы сақталған үлгілер сирек кездеседі, сондықтан Барридің 1 млн еуродан астам бағаға сатылатыны болжанып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews сайтына сілтеме жасап.
Динозавр қаңқасы Париждегі аукционға қазан айында шығарылады.
Бұл динозавр шамамен 150 млн жыл бұрын соңғы Юр кезеңінде тіршілік еткен. Оның бағасы 1,2 млн еуроға дейін жетеді деп шамаланып отыр.
Алғаш рет 1990-шы жылдары АҚШ-тың Вайоминг штатында табылған динозавр қаңқасын 2000 жылы палеонтолог Барри Джеймс қалпына келтірді – оның Барри деп аталуы сондықтан.
Өткен жылы Барриді сатып алған итальяндық Zoic зертханасы биіктігі 2,10 м және ұзындығы 5 м болатын қаңқаны одан әрі қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.
«Бұл - өте жақсы сақталған үлгі, өте сирек кездесетін құбылыс. Жойылып кеткен жыртқыштың бас сүйегі 90%, ал қалған бөлігі 80% сақталған», - деп атап өтті Париждегі сатылым өтетін Hotel Drouot бәссауда үйінің қызметкері Александр Жикейо.