Парижде Демеу Жадыраев әлем біріншілігінің финалына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияның Париж қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында грек-рим күресінің шебері 71 келі салмақтағы белдескен балуанымыз Демеу Жадыраев финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Парижден Бейжің олимпиадасының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев ҚазАқпарат тілшісіне әлеуметтік желі арқылы айтып берді. Енді Жадыраев финалда неміс балуанымен алтын медальға таласады. Финал Астана уақытмен 23:00-де басталады. Жарысты отандық «KazSport» арнасы тікелей эфирде көрсетеді.

«Бүгін басталған додада қазақстандық төрт балуан боз кілемге шығып, біреуі финалға шықты. Осылайша балуандарымыз әлем біріншілігін сәтті бастады», дейді Нұрбақыт Теңізбаев.

Естеріңізге сала кетейік, 26 тамызға дейін жалғасатын әлемдік додаға әлемнің ең мықты деген балуандары жиналды. Бұл біріншілікте күрестің үш түрінен Қазақстан намысын 23 балуан қорғамақ.

Франция астанасында өтетін дүбірлі додада еркін күрес пен қыздар құрамасы толық құрамда өнер көрсетеді. Ал, грек-рим күресінің балуандары сегіз салмақтың жетеуінде күш сынасады. 130 келі салмақта әлемнің үш дүркін қола жүлдегері Нұрмахан Тінәлиев те, соңғы Қазақстан чемпионатында топ жарған Дамир Күзембаев та жарақаттарына байланысты Париждегі әлем чемпионатына қатыса алмайтын болды.