Парижде дүкен иелері жаппай тәртіпсіздіктен қорғануға кірісті

АСТАНА. KAZINFORM — 24 қазан күні болуы мүмкін тәртіпсіздіктерге байланысты Париж тұрғындары дайындалып жатыр. Дүкен иелері сауда орындарының қорғанысын күшейтіп, адам өміріне қауіп төндірмейтін өзін-өзі қорғау құралдарын белсенді сатып алуда. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: The Guardian

17-18 қазанда өмір сүру құнының өсуіне қарсы кәсіподақтардың жалпыұлттық наразылық акциясы кезінде жаппай тәртіпсіздік болды. Осы оқиғалардан кейін көп кәсіпкер, әсіресе шағын бизнес иелері, енді полицияның көмегіне сенбейтінін мәлімдеді.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, сол кезде Парижде 450-ге жуық дүкенге залал келген, оның 228-і тоналған. Ел бойынша кемінде 3 мың кәсіпкерлік нысанға зиян келген.

Қазір Франция астанасындағы қару-жарақ дүкендерінде сауда көлемі күрт өскен. Париждегі ең көне қару-жарақ дүкендерінің бірі Armurerie de la Bourse иесі әрі Ұлттық қару-жарақ сатушылар палатасының президенті Ив Голлеттидің айтуынша, өзін-өзі қорғайтын құралдар 10 есе көп сатыла бастаған.

Сұранысқа ие тауарлардың қатарында көзден жас ағызатын газ және бұрышты гель құйылған баллондар, электрлі шокерлер, шоқпарлар мен резеңке оқ ататын тапаншалар бар. Соңғысы D санатына жатады және кәмелетке толған азаматтарға арнайы рұқсатсыз сатылады. Осындай жағдай Лион, Лилль және Марсель қалаларында да байқалады.

Кейбір дүкен иелері түнде де сауда орындарында қалуды жоспарлап отыр. Басқалары витриналарын фанер қалқандармен жауып, күзет иттері бар жеке күзет қызметтерін жалдап жатыр. Париж полициясының префектісі Патрис Фор кәсіпкерлерге жолдаған хатында қауіпсіздік шараларын күшейтуге, жұмыс уақытын өзгертуге және жеке күзет қызметтерін тарту мүмкіндігін қарастыруға кеңес берді.

Билік сенбі күні құқық қорғау күштерін ауқымды түрде жұмылдыруға дайындалып жатыр. Олардың қатарында «Сентинель» операциясына қатысатын әскери қызметшілер мен демалыстан шақырылған CRS арнайы бөлімшесінің қызметкерлері бар. Лионды қоса алғанда, бірнеше қалада наразылыққа шығуға тыйым салынды. Париждің кейбір аудандарында коменданттық сағат әлі де күшінде.

Medef жұмыс берушілер бірлестігінің басшысы Патрик Мартен кәсіпкерлерді қауіпсіздікті өз қолдарына алмауға және құқық қорғау органдарына сенуге үндеді. Алайда сауалнамаға қатысқан француздардың едәуір бөлігі «Өз қауіпсіздігімізді өзіміз қорғауға мәжбүрміз» деп есептейді.

Еске салайық, алдыңғы демалыс күндері Францияда болған жаппай тәртіпсіздіктер сақтандыру төлемдерінің мөлшері жағынан елдегі ең ірі оқиғалардың бірі екенін жазғанбыз.

Қаржы сарапшыларының бағалауынша, сақтандырылған шығын көлемі 1,2 млрд еуроға жетуі мүмкін. Financial Times сауалнама жүргізген брокерлер де шығын 1 млрд еуродан асатынын болжайды. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың жазында болған тәртіпсіздіктерден келген 700-800 млн еуро шығыннан асып түсті.