Парижде Халықаралық ғарыш саммиті жұмысын бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен, атқарушы вице-президенттер Хенна Вирккунен мен Стефан Сежурне және қорғаныс жөніндегі еурокомиссар Андрюс Кубилюс 9-10 қыркүйекте Парижде өтіп жатқан Халықаралық ғарыш саммитіне қатысып жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

Фото: Xinhua

Саммит Франция президенті Эмманюэль Макронның бастамасымен Германиямен бірлесіп ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы арнайы өкілдікке астронавт Тома Песке мен кәсіпкер Элен Юбиді тағайындады. Жиынға шамамен 2 мың адам қатысып, 120-ға жуық елдің делегациясы келеді деп жоспарланған.

Макрон Еуропаның ғарыш саласындағы дербестігін күшейту қажет екенін айтып, қуатты әрі тәуелсіз Еуропа құру үшін инновациялар мен инвестицияны күшейтуге үндеді. 

— Еуропа өз болашағын, оның ішінде ғарыш саласындағы бағытын да, өзі айқындайды, — деді ол.

Ертең Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Орталық Еуропаның жазғы уақытымен сағат 10:15–те негізгі сөз сөйлейді. Атқарушы вице-президент Хенна Вирккунен пайдаланушы құрылғыларына спутник арқылы тікелей байланыс орнатуға арналаған дөңгелек үстелге қатысады.

Еурокомиссар Андрюс Кубилюс қорғаныс министрлерімен бірге ғарышты қорғаныс мақсатында пайдалану мәселесіне арналған сессияға қатысады. Сонымен қатар ол еуропалық өнеркәсіп жетекшілерімен бірлесіп, Еуропаның жаһандық бәсекелестіктегі орнын талқылайтын сессияда сөз сөйлейді.

Сол күні Еуропалық одақ Еурокомиссар Андрюс Кубилюс, Франция министрі Филипп Батист және Еуропаның жетекші өкілдері қатысатын арнайы жиын өткізеді.

Бұған дейін Қазақстан ғарыштағы спутник санын 14-ке жеткізетінін жазған едік. 

Ақзат Жиеналина