***
Биыл - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы. Себебі, өткен жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2015 жыл - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланған еді. Сондықтан, халықтық сипатқа ие бұл шара жыл бойы еліміздің жер-жерінде айрықша мәнде аталып өтпек. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше ҚХА жылының ашылуына арналған салтанатты рәсім Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылды. Салтанатты шарада еліміздің мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ассамблея жылының ашылуына байланысты Қазақ¬стан Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берген. Онда: «Бүгін елімізде менің Жарлығыммен жарияланған Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы ресми ашылып, басталады. Жыл ең басты ортақ құндылықтарымыз - Тәуелсіздігімізді, егемендігімізді, бірлігімізді, Қазақстан халқының бейбітшілігі мен келісімін сақтауға арналады. Осыдан 20 жыл бұрын, 1995 жылдың 1 наурызында біздің қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға арналған бірегей институт - Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Осы уақыт аралығында Ассамблея шынайы түрде жалпыхалықтық, азаматтық, саяси мүдделерден жоғары тұрған ұйым ретінде танылды, конституциялық мәртебеге ие болды. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын маңызды құрылымға айналды. Сондықтан Ассамблея жылы - 17 миллион қазақстандықтардың ортақ мерекесі. Еліміздің әрбір азаматы атамекеніміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға жауапты екенін айқын сезінуі керек. Бұл - Қазақстан болашағының негізі», - делінген. Мақала «Ырыс алды - ынтымақ» деген тақырыппен берілген.
***
Елбасы өз Жолдауында халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруына ерекше мән берді. Ендеше 2015 жылға бұл салаға қанша қаражат бөлініп жатыр, қандай жұмыстарға назар бөлінбек? Осы жөнінде «Айқын» газеті Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Ұлттық Орталығының директоры Жәмилә Баттақовадан білген жан-жақты білген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген орталық директоры: «Медициналық сақтандыру енгізіледі, қазір соған дайындалудамыз. Соған орай көптеген жоспар құрылмақ. Біздің мақсатымыз - ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Сондай-ақ электронды денсаулық сақтауды енгізіп жатырмыз. Яғни әркімде жеке паспорты және идентификациялық номері болады. Сол автоматтандырылған бағдарлама арқылы электронды түрде шақыру, электронды тіркеу жұмыстары жүреді. Сонымен қатар, біз әрбір адам телефондағы вебкүнделік жүргізсін деген ұсынысымызды да айтқанбыз. Онда салмағын, бойын, қалай тамақтанады, дене шынықтыруға қанша уақытын бөледі, темекі шегу сияқты жағымсыз қылықтары бар ма, болса күніне неше рет шегеді деген мәліметтерді тізіп отыруы тиіс. Сол ақпараттарға қарап дәрігерлерге де пациентке кеңес беру жеңіл болады. Бұл жылы туберкулез, жыныстық қатынас арқылы жұғатын инфекциялар, ВИЧ, СПИД және ана мен бала ауруларына көңіл бөлеміз», - дейді. Сұхбат «Дәрігерлер ақпараттық түсіндіру жұмысын көбірек жүргізуі керек» деген тақырыппен берілген.
«Қазақстандық әділ сот төрелігі барлық негізгі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Кеше Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми шетелдік бизнесмендерге осылай мәлімдеді. Бұл күні Астанада судьялар ірі инвесторлармен кездесіп, тартымды инвестициялық климатты қалыптастыру мәселелерін талқылады», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Инвесторлармен ғана жұмыс істейтін жеке сот пайда болуы мүмкін» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, ұсынылып отырған жаңа модель бойынша бірінші инстанция - «Астана қаласы сотының инвесторлардың, қаржылық орталық қатысушыларының дауларын қарау бойынша мамандандырылған құрамы» болады. Бұл ретте ірі инвесторлар үшін бірінші саты ретінде «Жоғарғы соттағы Инвестициялық дауларды қарау бойынша мамандандырылған алқа» құрылады деп көзделуде. Барлығы үшін соңғы инстанция - «Жоғарғы соттың Азаматтық және әкімшілік істері бойынша қадағалаушы сот алқасы» болмақ.
***
«Әлия Кенжебаева Көкшетауда дүниеге келіп, ал бүгінде Парижде тұрып жатыр. Ол орыс тілін меңгергісі келген француздықтарға арнайы мектеп ашқан», - деп жазады «Экспресс К». Ол 2013 жылы өзінің жеке кәсіпкерлігін тіркеген.
«Шындығында, менің жобам біршама өзгеріске ұшырады. Бастапқыда бұл тіл курсымен қатар орыс тағамдарын дайындау бойынша дәрістер болатын. Кейінірек мен тек қана тіл үйретуге бет бұрдым. Парижде орыс тілін үйрететін шамамен онға жуық мектеп бар. Сондықтан маған бәсекелестерден қалай ерекшелену керектігін жете түсіну қажет болды. Содан кейін мен өзінің жеке әдістемемді жасадым, яғни, 24 сағат ішінде орыс тілін меңгеру», - дейді Ә.Кенжебаева. Мақала «Причуды глобализации: казашка учит французов русскому языку» деген тақырыппен берілген.
***
«Air Astana жолаушылары өздерін Алматыдан Гонконг бағытындағы түнгі рейс барысында тонағандықтарын айтуда», - деп жазады «Время» газеті. Ал компания болса мұндай айыптауларға «жеке заттарыңды өздерің қорғаңдар», деп жауап берген көрінеді. Сонымен қатар тергеу амалдарының нәтижесін күтуге де кеңес берген. Ұлттық әуе компаниясының 4 жолаушысы бір қаладан екінші қалаға әр күндері ұшқан кезде заттарының ұрланғандығын айты, полицияға шағымданған. Олардың айтуынша, қол жүктерінен 5 мыңнан 29 мың долларға дейінгі сомадағы қаржы қолды болған. Толығырақ «Деньги исчезают в полночь» деген тақырыптағы мақалада баяндалған.