Кездесу гибридті форматта өтті. АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф онлайн қатысса, Парижде жеке қатысқан тұлғалар қатарында Украина президенті Владимир Зеленский, Бельгия премьер-министрі Альберт Барт де Вевер, Дания премьер-министрі Метте Фредериксен, Финляндия президенті Александр Стубб, Нидерланды премьер-министрі Дик Схоф, Польша премьер-министрі Дональд Туск, Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта және Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен болды. Қалған елдердің басшылары жиынға видеобайланыс арқылы қосылды.
Кездесудің басты нәтижесі — Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін дайындау. Бұл кепілдіктер Мәскеу мен Киев арасындағы ықтимал бейбіт келісімнен кейін күшіне енуі тиіс.
Франция президенті Эммануэль Макронның айтуынша, бұл кепілдіктер 2025 жылғы тамызда Вашингтонда өткен Украина бойынша саммиттен кейін «Ниеттілер коалициясы» елдерінің әскери басшылығы тарапынан бірлесіп дайындалған.
— Мемлекеттер дайындаған үлестер бүгін күндіз қорғаныс министрлері деңгейінде аса құпия түрде құжатталып, мақұлданды. Бұл жұмыстың аяқталғанын сенімді түрде айта аламыз, енді ол саяси деңгейде бекітіледі, — деді Франция президенті.
Сонымен қатар, Франция президенті «Ниеттілер коалициясына» мүше 26 ел Украинаға қауіпсіздік кепілдігі ретінде әскери күштерін құрлықта, теңізде және әуеде жіберуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда, еуропалық әскердің нақты саны туралы айтылмады.
Украина президенті Владимир Зеленский бұл кездесуді «соңғы уақыттағы ең маңызды әрі нақты ілгерілеу» деп бағалады.
Кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп видеобайланыс арқылы жиынға қосылды.
Кездесуден кейін Макрон АҚШ-тың бұл қауіпсіздік кепілдіктерін қолдайтынын растады және Вашингтон тарапынан ресми бекіту алдағы бірнеше күн ішінде жүзеге асатынын хабарлады.
— АҚШ бұл процесте қатысуға ниетті екенін анық мәлімдеді. Бұл жөнінде ешқандай күмән жоқ, — деді Франция президенті.
Бұдан бұрын Путин Зеленскиймен кездесуді Мәскеуде өткізуді ұсынды.