Парижде теракті жасамақ болған бір топ адам ұсталды

ПАРИЖ. ҚазАқпарат - Лаңкестік актіні жасауға әзірлік жүргізді деген күдікпен Парижде төрт адам, соның ішінде жасөспірім қыз ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.

Хабарланғандай, бір топ адам жұма күні таңертеңгілік уақытта елдің оңтүстігінде орналасқан Монпелье қаласында терроризмге қарсы бөлімшемен тұтқындалды.

21, 27 және 34 жастағы үш ер адам және 16 жастағы қыз ұсталды. Бойжеткеннің Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстар аймағына кеткісі келіп жүргені полицияға белгілі болған.

Алдын ала дерек бойынша, олар «Париждің туристік аймағында» жанкешті белбеуін қолдану арқылы лаңкестік актіні дайындаған.

Күдіктілер жарылғыш зат әзірлейтін шағын зертхана жасаған.

Тінту барысында 71 грамдық ацетон пероксиді (TATP) - үй жағдайында оңай дайындалатын жарылғыш зат пен оның құрамдауыштары табылды. Дәл осы затты жанкешті-лаңкестер 2015 жылдың қараша айында Парижде орын алған теракті кезінде қолданған еді.